Алматыда «Строй Сити» сауда орталығы толық іске қосылысымен Рысқұлов даңғылы бойындағы ескі павильондар толық жойылады

АЛМАТЫ. 10 шілде. ҚазАқпарат - Алматыда базарларды ретке келтіру жұмысы жол көлік қозғалысын жақсартуға өз ықпалын тигізеді.

Бұл жайлы қалалық  сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының 1-орынбасары Жанат Айтілеу бүгін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін  «Строй Сити» базары аумағындағы сауда орталығының 2-кезеңі  құрылысының  барысымен таныстырған кезде айтты.

«Строй Сити» серіктесігіне қарасты бұл базардың аумағы 2,8 гектар жерді алып жатыр. Құрылыс жұмыстары толық біткен кезде мұнда 13 мың шаршы метрге жуық сауда алаңдары болады. 2009 жылы бірінші кезеңде орталықтың 3,5 мың шаршы метрі пайдалануға берілген болатын. Екінші кезеңінің құрылысы 2010 жылы басталды,  қазір әрлендіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы 2 айдың ішінде сауда орталығының аумағы 5,5 мың метрге ұлғаяды. 4 мың шаршы метрлік қалған 3 кешен алдағы жылдары  салынбақ», - дейді Ж.Айтілеу.

Жанат Әбдіқалықұлының айтуынша, әр кешен іске қосылған сайын Рысқұлов даңғылы бойындағы ескі павильондар алынып, онда сауда жасап отырған  жеке кәсіпкерлер сауда орталығына көшіріледі. Мәселен орталықтың жаңадан пайдалануға берілгелі отырған 3-ші кешенінде бірінші қабатта 130 сауда орны орналасса, екінші қабатта 50-ге жуық ірі өндірушілердің  сауда алаңдары орналаспақ.