Алматыда студенттік бес сайт ашылды

АЛМАТЫ. 15 наурыз. ҚазАқпарат -  Бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде zerger.ucoz.com, beles.ucoz.net, zamana.ucoz.com,  bastau.ucoz.org, 103akparat.ucoz.com деп аталатын студенттік бес сайттың тұсауы

кесілді. 

«Ақпарат заманының талабы мен кеңістігінің кеңейуі кезеңінде,  болашақ журналист ақпараттар тізгінін ұстау үшін ақпараттық технология мен мультимедиалық құралдармен тіл табыса білуі тиіс. Мультимедиалық материалдарды жинау, өңдеу, игеру, меңгеру және бұқараға жариялау студенттік аудиториядан бастау алады. Бүгін ашылған сайттарда жастардың тырнақ алды туындылары ғаламторға жол тартады», - деді сайттың ашылуына жетекшілік еткен оқытушы, саяси ғылымдарының докторы Гүлмира Сұлтанбаева. 

Шара барысында сайттардың мақсатымен таныстырған студент Арайлым Әкім: «Жалпы жаңалық атаулының, ең алдымен, жастар арасында кең таралытыны рас. Сол жаңалықтың  жаршысы  ретінде арман қуған бір топ  студент ғаламтордан бұл сайттарды ашып отыр. Жаңалықтар, қызықты әңгімелер, оқырманмен ой бөлісу - біздің міндетіміз», - дейді. Студенттік сайттарда  «Сыршыл сұхбат», «Соңғы жаңалықтар», «Қонақжай» және  т.б. айдарлар бар. 

Аталмыш сайттарды ашқан оқу орнының болашақ журналистері осылайша ақпараттар тізгінін ұстауды бірінші курстан қолға алмақ.