Алматыда су басу қаупі жоғары 56 аймақ анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда су басуға барынша бейім 56 аумақта апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын шұғыл жүргізу талап етіледі. Қала әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен өткен кеңесте көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» қызметкерлері күн сайын қаланың барлық ауданындағы су айдынына, өзен арнасына мониторинг жүргізеді. Департамент мәліметінше, Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай, Қарғалы, Ақсай, Жарбұлақ, Тіксай өзеніндегі жағдай тұрақты. Судың іркілуі мен мұздар жоқ, су кедергісіз ағып жатыр, сең жүрмейді деп болжанып отыр.

Қала халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылғы су тасқыны кезеңіне ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің, қаланың азаматтық қорғау қызметтерінің және әкімдіктің мердігерлік ұйымдарының күштері мен құралдарының жалпы саны 2 581 адам және әртүрлі мақсаттағы 1 078 бірлік әртүрлі техника жасақталды. Су тасқынына қарсы жұмыстарға 23 500 қап және 17 843 тонна инертті материал дайындалды.

13 ақпандағы жағдай бойынша 765 км арық желісі қардан, мұздан және қоқыстан тазартылды, бұл – жоспардың 57,5%-ы. Бұл жұмысқа күн сайын 79 техника мен 283 адам жұмылдырылды. Арық желісін тазартуды ақпан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Экология және қоршаған орта басқармасының ақпараты бойынша көктем кезіндегі су тасқынының алдын алу үшін қалада 6 өзеннің (Тіксай, Жарбұлақ, Есентай, Ойжайлау, Боралдай, Қарасу) аумағында 206 км жағалау нығайтылды. Енді тағы 127,7 км өзен арнасында жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізу қажет, оларда қатты жауын-шашын кезінде су тасқыны пайда болады. Қазіргі кезде ұзындығы 37,7 км төрт өзеннің (Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Бөкенбай және ҮАК) жағалауын нығайту және абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Қалған 90 шақырымды Алматы қаласын дамыту бағдарламасы аясында 2030 жылға дейін абаттандыру жоспарға енген.

Сайран су қоймасында механикалық тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Наурыз айында Әуежай көлі мен Қарасу шағын ауданындағы тоғанды тазалау басталады.

Экология және қоршаған орта басқармасы су басуға бейім учаскелер бойынша мониторинг жүргізіп, 102 учаскені анықтады. Оның ішінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын шұғыл жүргізуді талап ететін, су басуға барынша бейім 56 аумақ анықталды. Қазір бұл жұмыс 92%-ға орындалды, олар 31 наурызға дейін аяқталады деп жоспарланған.

2023-2024 жылдары 376 км арық желісін салу және жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыру аясында қалған 46 аумақты су басу мәселесі шешімін табады.



Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі