Алматыда су добынан Әлем Кубогы өткізіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда орталық жүзу бассейнінде алдағы 19-24 тамыз аралығында су добынан Әлем Кубогы өткізіледі. Бұл туралы Қазақстанның су спорты түрлері федерациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Әлем Кубогын су добынан Қазақстан құрама командасынан басқа, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ, Австралия, Сербия, Черногория, Хорватия және Венгрия құрама командалары сарапқа салады.

Айта кетелік, ватерполдан Әлем Кубогы Халықаралық жүзу федерациясының қамқорлығымен 1979 жылдан бері жүргізіліп келеді. Жарыс 1999 жылға дейін екі жылда бір рет өткізіліп келді. Ал 2002 жылдан бастап, төрт жылда бір рет өткізілетін болды.

Румынияның Орадя қаласында өткен соңғы Әлем Кубогында Сербия құрама командасы бірінші орынды жеңіп алған болатын. Екінші орынға Хорватия командасы көтерілсе, испандықтар үшінші орынды місе тұтты.

Ал Алматыда Әлем Кубогы 19 тамыз күні Астана уақыты бойынша күндізгі сағат 13:00- де басталады. Мұнда Черногория мен Сербия құрама командалары кездеседі. Ал сағат 17:00-де Әлем Кубогының ашылу салтанаты болады. Осыдан кейін, Сергей Дроздов бастаған қазақстандық ватерполшылар австралиялықтармен кездеседі.