Алматыда су мен кәріз жүйесіне борышкер 262 тұтынушының ісі сотқа жіберілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда су мен кәріз жүйесіне борышкер 262 тұтынушының ісі сотқа жіберілді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Бастау» МКК баспасөз қызметінің маманы Серік Шағыров хабарлады.

Қазіргі таңда Алматы тұрғындарының сумен қамту қызметі үшін қарызы 158 млн. теңгені құрап отыр. Оның ішінде заңды тұлғалардың қарызы - 50, жеке тұтынушылардың қарызы - 108 млн. теңге.

Ал, кәріз жүйесіне Алматы тұтынушылары 157 млн. теңге қарыз.

«Алматыда су мен кәріз жүйесіне борышкер 262 тұтынушының ісі сотқа жіберілді. Жыл басынан бері борышкер заңды тұлғалардың мекен-жайларына қарызды төлеу қажеттігі туралы 1500 ескерту, 8280 телефонограмма жіберілді», - деді ол.

Сәуір-мамыр айларында суық су мен кәріз жүйесінен 609 заңды тұлға, 549 жеке үй, жыл басынан бері 1114 пәтер кәріз жүйесінен ажыратылды.