Бұл жайында қалалық Жедел дайындық пен төтенше жағдайлар жөніндегі департамент директоры Бауыржан Ысқақов ҚазАқпарат тілшісімен тілдесу кезінде айтты.
Б.Ысқақов бүгін Алматы қаласы әкімінің қатысуымен жиналыс өтіп, онда су тасқын мәселесі қаралғандығын жеткізді. "Алатау ауданының "Әйгерім" ықшамауданында аздаған қиындықтар бар, қазір оның алдын алуға қаржы бөлініп, техникалар жұмыс істеуде, аса қауіпті ештеңе жоқ. Қала бойынша су ағатын арық желілерінің қоқысқа толып қалуы мәселе тудырып отыр. Алматы әкімі осы келеңсіздіктерге байланысты бүгін наурыздың аяғына дейін барлық арық желілерін қоқыс кептелістерінен тазартуды бұйырды", -дейді ол.
Оның пайымдауынша, тазалық адамдардың өздеріне байланысты. "Бұл жағдай жыл сайын қайталануда, тұрғындар қоқысты арыққа, өзенге тастайды. Бұл біздің әлі де тазалықта өмір сүруге бейімделмегендігімізді көрсетеді. Барлығына тағы да қоқысты әр жерге лақтырмай, арнайы жәшіктерге апарыңдар деп айтқым келеді", -деп Б.Ысқақов халықтың кейбір әрекеттеріне көңілі толмайтындығын жеткізді.