Алматыда суға жүзуден Қазақстанның жазғы ашық чемпионаты өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Маусымның 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда суға жүзуден Қазақстанның жазғы ашық чемпионаты өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Орталық жүзу бассейнінде өтіп жатқан шараға еліміздің 12 облысынан және көршілес Өзбекстан мен Ресейден спортшылар қатысуда. Дәстүрлі бұл бәсекеде биыл ерлер арасында 120, әйелдер арасында 80 адам бақ сынауда. «Оларға ұлттық дәрежедегі төреші Иван Чернышов бастаған қазылар алқасы төрелік етуде. Жарыс маусымның 16-сына дейін созылады. Оған ұлттық құраманың Әлем кубогының кезеңдік жарысына кеткен 3 спортшысынан өзгелерінің барлығы қатысуда. Олардың арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері Евгений Рышков та бар», - дейді бапкер Николай Михайлов. Оның айтуынша, бұл дүбірлі додада жоғары нәтижеге қол жеткізгендер шілденің 26-сы мен тамыздың 2-сі аралығында Италияның Рим қаласында өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. Оған 12 адамнан тұратын ұлттық құрама команда қатыспақ.