Алматыда сумен қамту саласында соңғы 15 жылдың көлемінде алғаш рет ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

АЛМАТЫ. Қарашаның 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Алматы су холдингінің» кәсіпорындары  сумен қамту,  суды бұру жүйелерін қайта құру  мен жаңарту, жөндеу жұмыстарына жоспарланған 3,5 миллиард теңгенің қазіргі таңда 3 миллиардын игерді,

деп хабарлайды  ҚазАқпарат холдингтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қараша айына дейін 12,7 км су құбыры мен  7,5 км канализация жүйесі,  көлемі 47 және   20 мың текшеметрлік  екі күнделікті бақылау бассейндері мен 48 мың текшеметрлік таза су резервуары  жөндеуден өтті.    Қысымды реттеуіш және су құбыры жүйесіндегі су өлшегіштер орнатылып, 228 мың текше метрлік (30 гектарлық) тұнба ұйшықтары тазартудан өтті. Ағынды суларды тазарту ғимаратында,  Талғар су қақпасында қайта жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды.  Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бас тазалау құрылысында және суды залалсыздандыратын сорғы станцияларында жұмысқа электролиздік құрылғылар енгізілді. 12 сорғы станцияларында жоғары пайдалы қозғалыс коэффиценті орнатылған жаңарту жұмыстары жүзеге асырылып,  6-10 кв-тық  5 кабельдік желі ауыстырылды. Аэрация стансысында электр қуатын үнемдейтін жүйе орнатылып, тереңдігі 300 метрлік 4   ұңғыма бұрғыланды.  Осы арада соңғы 15 жылда бұған дейін 5 ұңғыма ғана бұрғыланғанын айта кеткен жөн шығар.

Жалпы,  Алматы қаласында сумен қамту  мен  ағынды суларды бұруда бұған дейінгі 15 жылдың ішінде мұндай  ауқымды жөндеу жұмыстары жасалмаған болатын. Ол   су құбыры мен ағынды суларды бұруға қатысты тарифтері бойынша енгізілген сараланған тарифтердің арқасында жүзеге асырылып отыр.  Жүргізілген  нормадан жоғары пайдаланылануды  1,5 - 2 пайызға азайтып, алдағы жылдан бастап  электр қуатының шығынын жылына 10 млн. кВт.с. дейін қысқартуға мүмкіндік беруде.  Биыл сәуір айында енгізілген  аталмыш тәжірибе  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан да  қолдау тапқан болатын.