Алматыда суретші Раушан Нұрпейісованың «Қауызға сыйған дүние-ай...» атты жеке көрмесі ашылды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында суретші Раушан Нұрпейісованың «Қауызға сыйған дүние-ай...» атты жеке көрмесі ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Көрмеге Раушанның майлы және субояумен салынған 20-дан астам туындылары қойылған. Раушан Нұрпейісова 1962 жылы белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың отбасында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін, Қазақ мемлекеттік басқару университетінің менеджмент-маркетинг факультетін тәмамдаған. Қарағанды химия-металлургия институтында, Ғылым академиясында қызмет атқарған. «Соңғы жылдары Раушан денсаулығына байланысты төсек тартып жатып қалды. Төсекте жатып біршама суреттер салды. Раушан туындыларындағы образдардың сезім мен ділінің тазалығы өзіне қаратып алады. Кәсіби суретші болмаса да шығармаларында өзгеше үн, бағыт бар» , -дейді өнертанушы Баян Барманқұлова.