Көрмеге суретшінің қазақ халқының мәдениеті, тұрмысы мен салты айқын, айшықты көрініс табатын 50-ден аса суреттері қойылған.
"Көрмеге 1993 жылдан бері салған суреттеріммен қатар, биыл салған 15 туындым қойылды. Бұл менің Алматыдағы алғашқы көрмем. Мен тапсырыспен жұмыс істегеннен гөрі, өз еркіммен жұмыс жасағанды жақсы көремін. Ол ойыңдағыңды жеткізуге мүмкіндік береді. Мен болдым, толдым демеймін, әлі де ізденіс үстіндемін", - деді суретші Зұлқайнар Қожамқұлов.
ҚР Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбековтың айтуынша, "Зұлқайнар - қазіргі уақыттағы қазақ сурет кеңістігіндегі қарымды еңбек ететін суретшілердің бірі. Оның басқа суретшілерден ерекшелігі - оның түр-түсті көрсетуі мен композициялық пішінінің даралығы", - деді ол.
Суретшінің ірі туындылары қатарына 1995-1997 жылдары Б.Түлкиевпен бірлесіп салған тарихи "Ұлы көш"суреті жатады. Ол қазір Алматы қаласындағы Елбасы Резиденциясында тұр. Екінші ірі туындыларының бірі - Түркістан қаласындағы монументалды "Түркі халықтарының тарихы" атты панорамалық жұмысы болып табылады. Оның сонымен қатар, "Дыбыс үні", "Ыстық тоқаш", "Кезек", "Қазығұрт кемесі", "Төле би", "Сахна", "Сәукеле киген қыз" және тағы да басқа туындылары көпшіліктің ықыласына бөленген. Қылқалам шебері жұршылыққа суретші ретінде ғана емес, майлы бояу шебері әрі, мүсінші ретінде белгілі.
Зұлқайнар Қожамқұлов халықаралық, бүкілодақтық, республикалық және облыстық көрмелердің қатысушысы, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі, "Әлем халықтарының өнері" атты Халықаралық қауымдастықтың мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері.
Көрме қазан айының 14-іне дейін жалғасады.