Алматыда «Сүйінбай» спектаклінің премьерасы қойылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мұхтар Əуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында драмалық эпос жанрындағы "Сүйінбай" спектаклінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қойылым ХІХ ғасырда қырғыз-қазақ жерінде өткен халық ахуалынан көрініс береді.  Қазақтың басын жинап империяға қарсы күрес ұйымдастырған Хан Кене көтерілісінің қайғылы аяқталуы, оған себеп болған  қазақтың өзара алауыздығы суреттеледі.

Драмалық эпостың басты кейіпкері - қазақ айтыс өнерінің атасы Сүйінбай Аронұлы.

Қойылымды сахналаған режиссер Мұрат Ахмановтың айтуынша,  Қырғыздың манаптарының қолынан қаза болған Хан Кененің тағдыры бəрінен бұрын Сүйінбай ақынның жанына батқан.

"Осы оқиғаның куəгері, Хан Кененің тағдыры жанына батқан  Сүйінбай бейнесі  халықты біріктіру жолында көрініс табады. Қазақтың осындай бейшара халге түскен сəтінде ғұмыр кешкен ақын осының бəріне  шыдай алмастай болады", - деді Мұрат Ахманов.

Сол замандағы қырғи-қабақ ағайынның қанды қырғынын бейнелейтін қойылым қазақ пен қырғыздың бір кездері іргесі суып, қалайша қайта ымыраға келгенін баяндайды.

"Жетісу бойын мекендеген қазақ руларының билеушісі - Тезек төре бірде Сүйінбайды қырғыз ханы Орманның шешесінің асына ертіп барады. Екі ел арасындағы жиында Сүйінбай мен Қатаған айтысы басталып кетеді.  Сонда ел қазақтың ұлы халық екенін, қырғыз бен бір туғандығын таниды. Екеуі күш біріктірсе ғана  империяға қарсы бас көтере алатынын түсінеді", - деді режиссер Мұхтар Ахманов.

Спектакль Иран-Ғайыптың пьесасы желісіне құрылған.