Бұл туралы бүгін Ғылым ордасы ғимаратында өткен 2015-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын талқылауға арналған жиын барысында мәлім болды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақтияр Қамаловтың айтуынша, «қызметтік лауазымын» бөтен мақсатта пайдаланған қызметкерлердің 5-і пара алып жатқан жерінен ұсталған.
Олар мемлекетке 54 млн 943 мың теңге көлемінде шығын келтірді. Қазір бұл қаржы түгелімен мемлекет бюджетіне аударылды. Сондай-ақ, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін жағдай тудырғаны үшін 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының 16 сьезінде меритократия қағидаттарын қорғау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оны болдырмауды жолға қою маңызды деп айтқан болатын. Сыбайлас жемқорлық елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер етіп, елдің дамуына қауіп төндіретіні анық. Бұл орайда 2014 жылдың желтоқсан айында сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясы қабылданып, онда жемқорлықты болдырмау, оны тудыратын жайттардың алдын алу тетіктері көрсетілген», - деді Бахтияр Камалов.
Мамандардың айтуынша, бүгінгі отырыс барысында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алудың жаңа тетіктері ұсынылды.
«Бүгінгі өтіп жатқан отырыс жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тетіктерін қарастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы жақында 5 институционалды реформаны іске асыруды тапсырған болатын. 100 нақты қадам да жария етілді. «Нұр Отан» партиясы да «Нұрлы жол» бағдарламасында көрсетілген мақсатты индиктаторларға жету үшін жүйелі түрде жұмыс жасап келеді», - деді «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Станислав Канкуров.