Алматыда сыртқы жарнамаға қатысты ереже әзірленді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі сыртқы жарнама объектілерін орнату ережесін әзірледі. Бұл туралы қалалық жоспарлау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Еркебұлан Сембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы әкімдігі қаладағы үй-жайлардан тыс ашық кеңістікте сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орнату тәртібін айқындайтын қағидалар әзірлеп, бекітті. «Көрнекі жарнамаға қатысты ереже жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жарнамалық конструкцияларға қойылатын талаптарды белгілеуге, қала орталығын тазалауға, қала бойынша жарнамалық конструкцияларды біркелкі бөлуге, сондай-ақ стихиялық жарнама мен ірі форматты конструкциялардың үлесін азайту арқылы қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған», - деді ол.

Сонымен қатар бұл ережелерде құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салатын норма қарастырылған. «Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі 6 ай бойы осы норманы келісуден бас тартып, төмен тұрған нормативтік-құқықтық актінің заңнамалық актіге («Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының заңына) қайшы келмейтін айтуда», – деп түсіндірді Еркебұлан Сембаев.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты Алматы қаласының әкімдігі «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салу бойынша одан әрі шаралар қабылдап жатыр.