«Біз Азия чемпионатын елімізде осымен үшінші рет өткізіп отырмыз. Өйткені, отандық спортшылар соңғы 10 жыл ішінде Азия және Әлем чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мысалы, әлемдік додада 4 рет алғашқы бестікке енсек, азиялық жарыстарда үнемі алғашқы үштікке еніп жүрміз. Сол үшін Азия федерациясы бізге осы жарысты ұйымдастыруды сеніп тапсырды», - деді өз сөзінде таэквондодан (ITF)Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Валерий Когай.
Сонымен қатар ол, біріншілік аясында тұңғыш рет 11-13 жастағы балалар арасында жарыстар өткізілетіндігін жеткізді.
«Бұған дейін Азия чемпионатында тек жасөспірімдер (14-17 жас) мен ересектер арасында ғана сайыстар өткізіліп келді. Енді міне, балалар да қатыспақ. Әлемнің 18 елінен 350-дей спортшы келді. Әр командада 20-шақты спортшыдан бар. Олардың ішінде ең жас спортшының жасы 10-да, ең ересегі - 40 жаста. Егер де әлемдік қаржы дағдарысы болмағанда чемпионатқа кем дегенде 22 ел қатысар еді», - деді В. Когай.
Айта кетелік, 8-ші Азия чемпионаты Халықаралық Таэквондо федерациясының 8 бағдарламасы бойынша кадеттер - 11-13 жас, жасөспірімдер - 14-17 жас және 18 жастан жоғары ересектер арасында жеке және командалық есепте өткізіледі. Жарыс 30 наурызға дейін жалғасады. Жеңімпаздар тиісті медальдармен марапатталады.
Қазақстан құрамасы сапында 80-ге жуық мықты спортшылар өнер көрсетуде. Отандық мамандар командалық есепте бірінші орын алуға үміт артуда.
Айта кетелік,бүгінде Қазақстан таэквондо федерациясының 10 облыстық филиалында 6 мыңнан астам спортшы шұғылданады. Федерация спортшылары жасөспірімдер, ересектер және ардагерлер арасындағы 14 - әлем, 7 - Азия чемпионатына және екі рет Әлем кубогына қатысқан. Сәйкесінше, Қазақстан таэквондошылары арасында 14 - Әлем чемпионы, 48 - Азия чемпионы, 12 - Әлем кубогының иегері және 100-ден астам Әлем және Азия біріншіліктерінің жүлдегерлері бар.