Алматыда тағы бір көлік ұрлаушылар тобы құрықтады

АЛМАТЫ. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы полицейлері қымбат көліктерді ұрлаумен айналысқан топтардың бірін анықтады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әзірге «криминалды үштіктің» негізгі басшысы ұсталды. Ол Алматы облысы Үштөбе қаласының тұрғыны. Көлікті іздестіруде оперативті басқарма орталығының камералары үлкен көмек көрсетті. Оның көмегімен ұрланған көліктердің қай жерде кетіп бара жатқанын білдік. Ұрланған автокөлікті біз екі күн ішінде Талғар ауданының Бесағаш ауылынан таптық. Ұрылар көлікті таныстарының үйіне жасырған", деді Алматы қаласының ІІД-нің криминалды полиция басқармасының автокөлік қылмыстарын ашу бөлімі басшысының орынбасары Рүстем Үсенов.

Оның айтуынша, ұстау кезінде баукеспелерден ұрлап әкеткен көліктің мемлекеттік нөмірі және бензин құйылған канистр тәркіленген. "Жауап алу барысында бізге тағы бір екі адамның қатысы бар екендігі және бірнеше көлік ұрлағандары белгілі болды. Қазір біз күдікті адамдардың осы және басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтаудамыз", деді Р. Үсенов.