АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматының Бостандық және Түрксіб аудандарының аумағы қылмыскерлерден тазартылды. Бұл туралы Алматы қаласы комендатурасының ақпараттық орталығы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Комендатура мәліметінше, арнайы операция барысында Бостандық және Түрксіб аудандары лаңкестік, тонау және басқа да қылмыстардың 1 925 қатысушысы ұсталды. 38 бірлік атыс қаруы мен 1 486 оқ-дәрі тәркіленді.
«102» пультіне 961 хабарлама келіп түсті, комендатураның Call орталығына азаматтардан жедел әрекет етуді талап ететін 215 дабыл қабылданды. Барлық хабарламалар дер кезінде өңделді»,- дейді Алматы қаласы комендатурасының ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сонымен қатар, ол тұрғындарды коменданттық сағатты бұзбауға шақырды.
Алма Мұқанова
Алма Мұқанова Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «Кино және Телевизия» факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, республикалық телеарналарда түрлі қызметтер атқарған. 2019 жылдан бері - ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі. ҚР Журналистер одағының мүшесі.