Алматыда таксист әуежайдан қонақүйге дейін шетелдікті 40 мың теңгеге жеткізген
19:26, 27 Желтоқсан 2017
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әуежайдан «Қазақстан» қонақүйіне дейінгі қызметі үшін америкалық қонақтан алматылық такси жүргізушісі 40 мың теңге алған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Такси жүргізушінің бағаны тым асыра сілтеп жібергенін естіген қонақүй қызметкерлері полицияға қоңырау шалған.
Жүргізушінің кім екенін бірден анықтап, оны полиция бөлімшесіне шақырдық. Шетелдік азаматшаның баға мөлшерін білмейтінін пайдаланып, жолақысын көтеріп жібергенін ол бірден мойындады,-деді Медеу аудандық ІІБ басшысы Болат Тотыбаев.
Такси жүргізушісі 53 жастағы әйелге артық алған ақшасын қайтарып берді. Шетелдік қонақ қазақстандықтардың жасаған көмегіне ризашылығын білдірді.
«Таксистпен пікірлесіп, оған мұндай жағдайлардың ел имиджіне кері әсерін тигізетіні жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргіздік»,-деді Б. Тотыбаев.