Алматыда таксист болған Тәжікстан азаматы отанына қайтарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда таксист болып, табыс тауып жүрген Тәжікстан азаматы отанына жер аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық полиция департаменті хабарлағандай, Алматыда көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтау мақсатында мобильді топтар құрылған.

«Алматыда 22 жастағы М. есімді азамат жолаушыларды тасымалдау қызметін пайдалана отырып, тиісті рұқсатсыз жеке тасымалдаумен айналысқан. Қазіргі уақытта азамат ҚР ӘҚбК-нің 517-бабы 5-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен Тәжікстан азаматы 5 жыл мерзімге елден шығарылды», – деді Медеу аудандық ПБ Көші-қон қызметі бөлімінің басшысы Тимур Ноғайбаев.

Сонымен қатар, тәжікстандық ҚР ӘҚбК-нің 463-бабына сәйкес салық салу саласындағы құқық бұзушылықтары үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды.