Алматыда Талғат Бигелдинов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды
Салтанатты рәсімге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Талғат Бигелдиновтің жары Орындыбике Жекенқызы мен қыздары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері және қала тұрғындары қатысты. Қонаев пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы нөмірі №153-ші тұрғын үйдің алды халыққа лық толды.
Салтанатты жиын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды.
Осыдан кейін алғашқы болып сөз алған қала әкімі Бауыржан Байбек, батыр тұрған үйге орнатылған бұл ескерткіш тақта - аға буынның ұлы ерліктеріне жасалған құрметтің азғантай ғана бөлігі екендігін айтты.
«Талғат Жақыпбекұлы ел басына туған қиын-қыстау шақта отанды сүюдің, әскери шеберліктің ғажайып үлгісін көрсетті. Сол ақылы ол өзін де, халқын да өшпес даңқа бөледі. Сұрапыл соғыста 305 рет көкке көтіріліп, жаумен айқасып, мәңгі өшпес ерліктер көрсетті. Аты аңызға айналып, Кеңес Одағының екі мәрте батыры атынды», - деді Б. Байбек.
Сонымен қатар, қала басшысы Талғат Бигелдиновтің соғыстан кейін де бейбіт өмірде өзінің қажырлы еңбегімен талай жетістіктерге қол жеткізгенін айтты.
«Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де Талғат Бигелдинов ел ертеңі үшін үлкен еңбек етті. Алматыдағы ұлттық кітапхананы, Цирк ғимаратын, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Жамбыл, Балқаш, Шымкент, Өскемен, Қарағанды, Қостанай, Ақтау және Семей қалаларының әуежайларындағы ұшу-қону алаңдарын салуға белсене атсалысты. Талғат Жақыпбекұлы еліміздің қоғамдық өміріне де белсене араласып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуде үлгі болды. «Илдер шабуылда», «305 жорық» және «Әуедегі айқас» аты есктелік кітаптарын жазды. Қазақ халқының батырлығын, бүкіл әлемге әйгілеген Талғат Бигелдиновтің есімі ел жадында мәңгілікке сақталады», - деді Б. Байбек.
Осыдан кейін, Бауыржан Қыдырғалиұлы мен Орындыбике Жекенқызы тұрғын үйдің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның бетіндегі жабулы ақ шымылдықты түсірді. Жиналған жұртшылық қол шапалақтап құрмет көрсетті.
Айта кетелік, Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысы аумағындағы Майбалық ауылында туған. Ұшқыш болсам деген арманмен Бішкектегі ДОСААФ авиамектебіне түсіп, «У-2» ұшағын меңгереді. Одан кейін, Саратов қаласындағы арнайы барлаушылық ұшқыштар авиамектебіне оқуға жіберілді. Оны бітірген соң, Чкаловтағы 3-ші бомбалаушы және 1-ші жойғыш авиациялық ұшқыштар мектептерінде ұшқыш мамандығының қыр-сырын терең меңгерді. Одан соң ИЛ-2 шабылдаушы ұшағында ұшуға үйренді. Осының бәріне ұзын-ырғасы екі жарым жыл шамасында уақыт кеткен. Тек содан кейін ғана, 1942 жылғы желтоқсан айында Талғат Бигелдинов, кейіннен 144-ші гвардиялық деп аталған алғы шептегі 800-ші шабылдаушы авиаполкке келіп қосылып, соның құрамында соғыс аяқталғанша соғысады. «Ил-2» ұшағымен 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы - Берлинді талқандауға бірінші болып қатысады. Көк жүзінде барлығы 500 сағат болған. Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған. 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын иеленді. Қан майданнан аман-есен оралған соң, Мәскеудегі әскери әуе академиясын бітіріп, Қазақстанның әскери-әуе күштерінде түрлі басқару қызметінде болады. 1956 жылы денсаулығына байланысты демалысқа шығады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болып сайланады. 1957 жылдан 1970 жылға дейін Қазақстанда азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Қарағанды, Тараз сынды көптеген қалаларда әуежай салу ісіне өлшеусіз үлес қосады. 1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, мемлекеттік құрылыс саласында да қызмет атқарып, әсіресе, Алматыдағы небір тамаша зәулім ғимараттардың бой көтеруіне атсалысты.