Алматыда тамыздың 28-30-ы аралығында Эко-Этно фестиваль өтеді

АЛМАТЫ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматы облысындағы Байкөл көлі жағасында тамыздың 28-30-ы аралығында «ЭmotionЭvolutioun» - «ФорЭ» атты Эко-Этно фестиваль өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фестивальді Алматы қаласы Сноуборд және төтенше спорт түрлері қауымдастығы, «Брант» медицина корпорациясы, dj Алена Лобостева мен FUNK жарнама агенттігі бірлесе ұйымдастырып отыр. Шараның мақсаты өз-өзіне күтім жасауды насихаттауға байланысты іс-шаралар өткізе отырып, денсаулық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

«Шара 2 бағытта: психологиялық және физикалық денсаулық бойынша өрбиді. Өткізілу барысында танымал әншілер тобы өнер көрсетіп, би кештері ұйымдастырылады. Фестиваль өтетін жерде ешқандай алкогольдік ішімдікке жол берілмейді», деді йога жаттықтырушысы және ұйымдастырушылардың бірі Дима Дишанди.

Шара өтетін жер 4 аумаққа бөлінетін болады. Қызғылт-сары алаң Этно -мұнда сахна және кеңістік, сондай-ақ фестивальдің ән бөлігі; жасыл алаң Эко - мұнда лекциялар және қолөнер бұйымдарынан шеберлік сабақтары өтетін болады; күлгін алаң - мұнда спорттық шаралар мен йога сабақтары өтеді; алқызыл алаң - бұл аумақ балаларға арналған.

Фестивальге 16 мен 50 жас аралығындағылар қатыса алады. Ұйымдастырушылар жалпы саны 2 мыңдай адам келеді деп шамалап отыр.