Алматыда «Тарихи-мәдени мұра және ұлттық сана» деген тақырыпта алқалы жиын өтеді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда сәуірдің 14-і күні «Тарихи-мәдени мұра және ұлттық сана» деген тақырыпта «Тағылым» мәдени-интеллектуалдық клубының кезекті жиыны өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдени саясат және өнертану институтының жанынан ашылған «Тағылым» мәдени-интеллектуалды клубының бұл жолғы басты қонағы Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі Берік Бақытұлы Әбдіғалиевболмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тарихи-мәдени рухани мұраларымызды түгендеп, есепке алып зерттеу халық санасында мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық сана-сезімінің көтерілуіне көп әсерін тигізуде. Жалпы Қазақстанның бүгінгі өмірі мен оның жан-жақты даму перспективаларын мәдени мұрасыз елестету мүмкін емес. Мәдени мұра сана-сезімді қалыптастыру негіздерінің бірі, ізгілік пен отаншылдық құндылықтар сабақтастығын орнықтыруда зор қолдауға ие. Мәдени мұраның экономикалық ресурсын жұмылдыру - елді қайта жандандырудың негізі.