Жол бойымен өтіп бара жатқан шынайы жол полицейлері бейтаныс жол сақшысының дөрекі әрекеттерін байқап, оны тексермек болады. Алайда, жалған киім үлгісін киген офицер жол сақшыларын көре салысымен қаша жөнелген.
«Біздің бөлімшенің инспекторлары күдік тудырған бұл азаматты тез арада құрықтап, оның жалған полицей екендігіне көз жеткізген. Дәлірек айтсақ, оның киім үлгісінде ешқандай сәйкестік белгілері түгілі погоны да болмаған. Тек қана қолына ұстаған жол сақшысының қызыл таяғы мен сары түсті күртешесіне қарап, оны жол полицейіне ұқсайтындығын аңғаруға болатын еді. Осылайша жалған жол сақшысы арлы-берлі ағылған көліктерді тоқтатып, тексеріс жүргізбекші болған. Бірақ та нағыз қырағы жол сақшылары мұны дер кезінде байқап, оның жолына тосқауыл коя білді»,-деді Алматы қаласы ІІД Жол полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Сарбасов.
Оның айтуынша, ұсталған 20 жастағы азамат еліміздің жоғарғы оқу орындарының бірінің студенті болып шыққан. «Ол мұндай заң бұзушылыққа өзінің досын қалжыңдап қорқытпақ ниетте барғандығын айтып ақталуда. Ал оның тәртіп сақшыларының киім үлгісін қайдан алғандығы алдағы уақытта өткізілетін тексерулер нәтижесінде анықталатын болады. Қазіргі уақытта, оқиғаның ақ-қарасын анықтау үшін құрықталған азамат Бостандық аудандық ІІБ-не жеткізілді. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін ол міндетті түрде қатаң жауапкершілікке тартылатын болады»,-деп мәлімдеді А.Сарбасов.