Алматыда тау баурайында 3 гектар құрғақ шөп өртенді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының аумағында орналасқан Іле-Алатау ұлттық паркі, Баум тоғайы және Медеу табиғи паркінде өрт жиі болып тұрады. Бұл туралы мегаполис халқымен кездесу барысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәселен, биыл 6 қыркүйек күні тау баурайында 3 гектар алқапта құрғақ өсімдіктер өртенді. Қатты жел мен таулы жер болғандықтан, өртті сөндіру қиын болды. Бірақ бөлімшелердің ден қоюы және өртті тактикалық сөндіруінің арқасында өрттің бақылау алаңына және «Көк Төбе» саябағына таралған жоқ. Осылайша алматылықтар мен оңтүстік астана қонақтарының сүйікті демалыс орнын сақтап қалды»,- деді министр.

Айтуынша, жыл сайын таулы-орманды жерлердегі өрттің алдын алу, сондай-ақ оларды уақытылы сөндіру үшін министрлік бөлімшелері бірлескен мобильді топтар құрады. Олар рейдтер жүргізеді. Биыл екі жүзге жуық рейд жүргізілді, 117 от жағу оқиғасына жол берілмеді, барлық кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылды. Қосымша жиынтық жасақ құрылды, ол табиғи өрттерді сөндіруге шұғыл тартылады.

«Бөлімшелердің күштері мен құралдарының дайындығын тексеру үшін жыл сайын орман шаруашылығы мекемелерімен өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізіледі. Қабылданған шаралар Алматы қаласындағы табиғи өрттердің (құрғақ өсімдіктердің жануы) санын 28,4%-ға азайтуға мүмкіндік берді, тиісінше жану алаңы 4 есеге қысқарды»,- дейді Юрий Ильин.