Алматыда тау-кен саласына арналған халықаралық «MiningWorld Central Asia 2010» көрмесі ашылды

None
Ы. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Бүгін Алматыдағы «Атакент» көрме іскерлік ынтымақтастық орталығында кен-металлургия саласына арналған халықаралық MiningWorld Central Asia 2010 көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрмеге әлемнің 25 елінен: Австралия, Австрия, Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Иран, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Қытай, Нидерланд, Норвегия, БАӘ, Перу, Польша, АҚШ, Түркия, Украина, Финляндия, Франция, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Кореяден келген 215 компания қатысуда. MiningWorld Central Asia, Kazcomak және KazMet көрмелерінің менеджері Борис Даниленконың айтуынша шараның биылғы ерекшелігі көрме ауданы биыл 80 пайызға ұлғайған. Тұрақты қатысушылар қатарына биыл Австралия мен Перуден келген компаниялар қосылған. Көрмеде кен жабдығы, рудалар мен минералдар өндіру және байыту, кеніштерді қазбалау, жүккөтергіш-тасымалдау жабдығы, өнеркәсіптік нысандар мен жол құрылысы және металлургия, металл өңдеу және машина жасау салаларына қатысты жабдықтармен, озық техникалармен, үздік жетістіктермен танысуға болады. Сондай-ақ көрме аясында «2010-2014 жылдарға ҚР кен-металлургия саласын дамыту бойынша бағдарлама» тақырыбына дөңгелек үстел мен «Асыл және түсті металлдарды қайта өңдеу процессінде қолданылатын шыны және эмальді жабдық», «Гравитациялық байыту және қарқынды циандау саласындағы технологиялар», «Кен-руда өнеркәсібінде тозуға төзімді табақтар қолдану» тақырыптарында арнаулы семинарлар өткізіледі.

3 күнге созылатын көрмені ұйымдастырушылар Германия, Ұлыбритания, Қытай мен Түркиядағы халықаралық серіктестерімен бірлестікте қазақстандық Iteca көрмелер компаниясы. Шараға ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Өнеркәсіптік комитеті мен Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті, Республикалық кен өндіру және кен-металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық кен-руда компаниясы» АҚ, Алматы қаласының Әкімшілігі және Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Сауда өкілдігі ресми қолдау көрсеткен.