Алматыда «Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» атты республикалық жыр-мүшәйраның жүлдегерлері анықталды

None
АЛМАТЫ. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Мүшәйра - ежелден қазақ жыршылық өнерінің қайнар көзі.

Халық өз арасынан болашақ би-шешендерін осындай сындар арқылы талантын шыңдап, озық ойлысын марапаттап отырған. Осындай мақсатпен үстіміздегі жылғы қазан айының ортасынан бастау алған көсемсөз сайысы мәресіне жетіп, кеше Алматыда жеңімпаздары анықталды.

«Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» атты республикалық жыр-мүшәйраның ақтық сынына көрермен өте көп жиналды. Бұл мүшайраның басты тақырыбы әрі ерекшелігі - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Тәуелсіздік қарлығашы - Желтоқсан көтерілісінің бағасы мен маңызы ашып көрсету болды. Осы тақырыптағы тарих жылнамасы мен оқиғалар желісін мүшәйраға қатысушы үміткерлер өлеңдеріне арқау етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға елімізден және көрші мемелекеттерден 100-дің үстінде шығармалар қабылданған. Қатысатын ақындардың жасына шек қойылмаған және мүшәйраға бұрын жарияланбаған өлеңдер ғана қабылданған.

Кештің шымылдығын шараның ұйымдастырушылары - «Ұлы дала» республикалық қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Айдос Сарым, «Тарихи әділеттілік» республикалық қоғамдық комитетінің төрағасы Смағұл Елубай және белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Азат Перуашев ашты.

Мүшәйраның қазылар алқасына елге танымал белгілі мәдениет саласының өкілдері Бақытжан Момышұлы, Темірхан Медетбек, Ибрагим Исаев, Ғабиден Жәкиев және Айдос Сарым, Қазыбек Иса кіріп, жеңімпаздардың есімін жария етті.

Әділқазылар алқасының ортақ шешімі бойынша, Бас жүлдеге Бақытбек Смағұл лайық деп танылды. Оған ZAZ Chance маркілі автокөліктің кілті табысталды.

1-3 орындардың ақшалай сыйлығын қазылар алқасы деңгейіне қарай теңдей етіп бөлді: 1 орын - 500 000 теңге, теңдей - Аманғазы Кәрібжанұлы мен Әлібек Шегебайға; 2 орын - 300 000 теңге, теңдей - Талғат Ешенұлы мен Асқар Көбенұлына (ҚХР); 3 орын - 200 000 теңге, теңдей - Алмас Темірбай мен Ақберен Елгезекке берілді.

Бұнымен қатар, Арнайы жүлделердің есімдері белгілі болды. Қайрат Рысқұлбеков атындағы жүлдені - Тоқтарәлі Таңжарық; Ербол Спатаев атындағы жүлдені - Жарас Кемелжан; Ләззат Асанова атындағы сыйлықты Динара Мәлік иеленді. Әрқайсысына 100 000 теңге ақшалай сыйлығы табысталды.

Барлық жеңімпаздарға сыйлықтармен қатар, арнайы сертификаттар табыс беріліді.

Жүлдегер шығармалар республикалық басылымдарда жарияланып, іріктелген өлеңдер жеке кітап болып шығады.