Алматыда «Тәуелсіздік таңы» монументіне салтанатты гүл қою рәсімі өтті

АЛМАТЫ. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Тәуелсіздік таңы» монументіне салтанатты гүл қою рәсімі өтті. Бұл күн Қазақстан тарихында ерекше күн болып табылады.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасының 27 жылдығына арналған іс-шараға қала әкімдігі, ардагерлер кеңесі, саяси партиялар және әр түрлі ҮЕҰ-ның өкілдері, сол жылдардағы жастар толқуына қатысушылар, ауған жауынгерлері, студенттер және мектеп оқушылары қатысты.

«Бұл күн - ғасырлар бойы өз тәуелсіздігі үшін күрескен Қазақстан тарихындағы ең маңызды күн. Және мұндай іс-шаралардың, әсіресе, жастар үшін, патриоттық маңызы зор. Өсіп келе жатқан ұрпақ еліміздің тәуелсіздігінің бағасын білуі, оны қорғау және сақтауда өз жауапкершілігін сезінуі тиіс», - деді рәсімге қатысқандар.

Іс-шара ҚР Мемлекеттік әнұранын орындаумен аяқталды. Дәстүрлі түрде қала мейрамханаларының бірінде желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алып, ас беру жоспарланған.