Алматыда «Тәуелсіздік және Қайым Мұхамедханұлының мұрасы» атты әдеби шара болып өтті

None
АЛМАТЫ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде филология факультетінің ұйымдастыруымен белгілі абайтанушы, Қазақ КСР-ның Мемлекеттік Әнұранының авторы Қайым Мұхамедханұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Тәуелсіздік және Қайым Мұхамедханұлының мұрасы» атты әдеби шара болып өтті.

Шараға университет оқытушылары, ғалымдар мен студенттер қатысты. Кешке қатысушылар Қайым Мұхамедханұлының қазақ әдебиеттануы ғылымына қосқан үлесін, абайтану, шәкәрімтану және мұхтартануға сіңірген еңбегін атап өтіп, ғалымның Абайдың ақындық мектебінің қалыптасуын зерттеуінің ерекшеліктеріне тоқталды.

Кешке арнайы қатысқан Қайым Мұхамедхановтың бүгінде ғылым саласында жүрген қыздары Дина мен Қарлығаш Қайымқыздары жастарға әкелері туралы, оның Абай шәкірттері мектебін ашып, қуғын-сүргінге ұшарағандығын, мемлекеттік символды жасауға қосқан үлесін, ұстазы Мұхтар Әуезов арасындағы достық қарым-қатынастары мен Алаш идеясына беріктігі мен ғалымның Абай шәкірттерінің шығармаларын жинауға қосқан баға жетпес мұралары жөніндегі кеңінен айтып берді. "Көкбай, Арипа, Мағауия, Ақылбай, Тұрағұл, Кәкітай, Әубәкір, Әсет, Әлмағамбет, Баймағамбет және тағы да басқа Абай шәкірттері мен ізбасарларының өмірбаяны барлық мектеп және жоғарғы оқу орындары бағдарламасына енгізілген. Олардың шығармалары оқылып жатыр, бірақ, еш жерде бұл мұралардың қандай қиыншылықпен сақталынғандығы айтылмаған", - деген өкінішін білдірді шара барысында Дина Қайымқызы.

Шара барысында қайымтану тәуелсіздік алудың арқасында ашылып отыр деп атап өтілді. "Көптеген шындықтар жарыққа шығып отыр. Кеңес кезінде 25 жылға қудаланып, қаншама қиыншылықтарды мойнымен көтерген ірі тұлғаның мұрасымен жас ұрпақ сусындап жатыр. Оның бәрі тәуелсіздіктің арқасында. Оның бір мұрасы - үлкен институт. Абайтану, шәкәрімтану, мұхтартану және қайымтану - бір-бірімен логикалық және тарихи тұрғыда байланысқан, ажырамас мәдени кеңістік болып табылады. Біздер, бізден кейінгі жас ұрпақ ұлы тұлғалар ілімін сақтап, аялап, толыққанды зерттеп, білімге енгізуіміз керек", - деді филология ғылымдарының докторы Салтанат Сілеуова.

Оның пікірініше, "Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен тағдыры - тәуелсіздік құндылықтарының орындалуы, патриотизм мен халыққа қызмет ету үлгісі" болып табылады.

"Тәуелсіздік - бұл еліміздің ұлы жетістігі. Әкем Қайым Мұхамедханов айтқандай "Бақыт - ол еркіндікте болу". Сондықтан әр қазақстандық тәуелсіздікті бағалап, сақтауы керек", - деді Дина Қайымқызы шара барысында.