Жаңа бағыттар қалаға қосылған елдімекендердегі, соның ішінде таулы жерлерде тұратындарды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында ашылып отыр.
Осы бағытта жергілікті бюджет есебінен Евро-4 экологиялық стандарттағы 45 дизельді автобустар алынған еді. Жаңа көліктер таулы аудандардағы тар жолдарда жүруге арнайы жабдықталған.
Соның ішінде «Алматыэлектротранс» ЖШС-нің коммуналды кәсіпорнына ЛИАЗ маркалы 15 автобус берілді. 9,5 метрлік төмен еденді бұл автобустар Евро-5 экологиялық стандартына сай, кондиционерлермен, мүгедектер үшін арнайы көтергіштермен жабдықталған.
Жаңа бағыттар тұрғындар мен әкімдіктерден түскен өтінімдері негізінде жасалды.
«10 шілдеден бастап «Алматыэлектротранс» ЖШС жаңа бағыттар бойынша көлік қозғалысын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, №26 (Таужолы - Қалқамандағы №7 емхана), №40 (Жұмысшылар поселкесі - Мақатаев көшесі), №125 (Көкжиек - «Армада» сауда үйі) бағытында, 17 шілдеден бастап №14 (Қарағайлы - «Барыс-3» базары), № 15 (Алатау совхозы - «Алтын Орда» базары) бағытында автобустар жүре бастайды. Құжаттарды дайындау жөніндегі барлық іс-шара біткен соң 1 тамыздан бастап №28 (Орбита 2,4 - ГЭС 2), №68 (Әл-Фараби даңғылы - Ремизовка саяжайлары) бағыттар бойынша автобустар қатынайтын болады», - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кету керек, Алматы әкімдігі жыл аяғына дейін 300 заманауи жаңа автобус сатып алу үшін 11,5 млрд теңге бөлді.