Алматыда тәжірибелі қылмыскер автокөлік тонау үстінде ұсталды

АЛМАТЫ. 13 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда тәжірибелі қылмыскер автокөлік тонау үстінде ұсталды. Алматы қаласы ІІД-нің баспасөз қызметінің мәліметінше, Рудныйдың 29 жастағы тұрғыны бұған дейін де ұрлық пен топтасқан қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 3 рет сотталған.

Тәртіп сақшыларының пайымдауынша, тапа-талтүсте қала орталығын торуылдаған ұры жалғыз әрекет етпеген.

"Андрей өз жақтастарымен бірге Наурызбай батыр көшесі бойындағы тұрғын үйдің бірінің алаңында тұрған «Тойота» көлігін нысанға алады. Көліктің ішінде әйел адам болған. Ұрылар одан әрі өздерінің алдын-ала ойластырған рөлдеріне енеді. Біреуі өтірік көше сұраған болып, құрбанын алдай түседі, осы уақытта екіншісі 110 мың теңге, фотоаппарат, ұялы телефон мен түрлі құжаттар болған сөмкені жымқырып үлгереді. Алайда оларды байқап қалған әйел көршілерін көмекке шақырады. Көршілері өз кезегінде полицияға хабарласқан", -дейді Алматы қаласы ІІД-нің шолғыншы полиция полкінің командирі полиция подполковнигі Нұржан Нұрғалиев.

Осы оқиға бойынша бірнеше шолғыншы экипажы сол мекенді тексеруге кірісіп кетеді. Көрші алаңнан тәртіп сақшыларының көлігін көрген бетте қобалжи бастаған күдікті назарға ілінген. Полицейлер тоқтаған бетте қаша жөнелген күдікті көп ұзамай ұсталған. Ол ұрланған сөмкені үстіндегі жейдесіне жасырған.

"Қазір тергеушілер оның қасында болған басқа күдіктілерді іздестіруде. Сондай-ақ бұрын сотталған ұры ұзақ уақыт бойы осындай жолмен ақша тауып келгені айдан анық", - деп атап өтті Н.Нұрғалиев.