Алматыда техникалық және кәсіптік білім беру саласында кадрларды даярлау сапасы талқыланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен жұмыс кеңесінде мегаполистегі техникалық және кәсіптік білім беру саласында кадрларды даярлау сапасы талқыланды, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңеске колледж директорлары мен сарапшылар қатысты. Жиналғандар өңірлік ерекшеліктерді, өнеркәсіп орындарына қажетті мамандарды, «Бастау Бизнес» жобасының «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді курстарда оқыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс пен мамандарды даярлау мәселелерін қарады.

Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, қазіргі кезде 83 қалалық колледжде 73 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Бұл ретте 50%-дан астамы – мемлекеттік тапсырыс бойынша.

Қаланың ірі кәсіпорындарының дерегі бойынша штаттық қызметкерлердің 70%-ы колледждер түлектері. ТжКБ саласының рөлі артып келеді.

Қала әкімі Бақтжан Сағынтаев орта буын мамандарын даярлау тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының, инженерлік инфрақұрылымның білікті қызметкерлері қажет. Автопарктерде жүргізушілер мен механиктер тапшы. Құрылыс секторында жұмысшылар жетіспейді.

Сондықтан дайындық сапасын арттыру мақсатында мектептерді ғана емес, қосымша білім беру ұйымдары мен мүдделі ұйымдарды да тарта отырып, оқушылардың ерте кәсіптік бағдарлауын ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, болашақта сұранысқа ие мамандықтардың болжамды тізімін жасау жоспарда.

«Жас маман» жобасы аясында материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында колледждер түрлі салалар бойынша заманауи құрылғылармен жабдықталып жатыр. Дотациялық колледждерді ірі кәсіпорындарға сенімді басқаруға беру мүмкіндігі қарастырылуды. Мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін жеке колледждерде студенттерді жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

Сонымен қатар, басқа қаладан сырттан студенттерге арналған жатақханалардағы орындар мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Өткен жылы Түрксіб ауданында №1 педагогикалық колледжінің 300 орынды жаңа жатақханасы пайдалануға берілді.

Келесі жылға 600 орынды екі жатақхана құрылысының ЖСҚ әзірленуде. Мәселен, Жетісу ауданында жұмыс істеп тұрған автомеханикалық колледж жанынан жатақхана салу, сондай-ақ Алатау ауданында жатақханасы бар жаңа кәсіптік-техникалық колледж салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарын бастау 2022 жылға жоспарланған.