Алматыда Теннис академиясы ашылды

АТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Tennis.kz» Теннис академиясының ашылу салтанаты болды. Шараға қала әкімі Ахметжан Есімов қатысты.

Қазақстандық жаңа буын теннисшілеріне Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі ең үздік кешен ұсынылды. Мұнда жеті жабық және жеті ашық корт, аэробика, гимнастика, фитнес-залдары, спорттық бар, сауна, аталмыш спортпен айналысуға қажетті заттар сататын арнайы дүкен, массаж кабинеттері бар.

Қала басшысы ашылу салтанатында академияның басшыларына жеке негізде ашылған спорттық кешеннің құрылысы мен еліміздегі теннис спортының дамуына қосып отырған үлестері үшін алғысын білдірді. «Елімізде өткен қысқы Азия ойындары бұқаралық спорттың дамуына ықпал етті. Алматы қаласының өзінде қала тұрғындары спортпен көбірек айналыса бастады және денсаулықтарына көңіл бөліп, назар аудара бастады, әрине бұл жағдай бізді қуантады», -деді А. Есімов.

Теннис академиясы Мюнхень Теннис академиясының филиалы ретінде 2009 жылдың шілде айында құрылды. Негізгі базасы Алматыда орналасқан. Бүгінде Академияда 5-жастан 17 жасқа дейінгі 100-ден аса жас теннисшілер бұл спорттың түрін үйренуде. Мұнда сонымен қатар, барлық жастағы әуесқойларға арналған курстар бар.

Академия Professional Tennis Registry (PTR) теннисі бойынша халықаралық жаттықтырушылар ұйымының мүшесі болып табылады.