Алматыда «Тіл - ұлт мәдениетінің қазынасы» атты мәдени іс-шара өтуде

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Мемлекеттік орталық музейде «Тіл - ұлт мәдениетінің қазынасы» атты іс-шара өтуде.

22 қыркүйек - Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл игі шараға қаладағы бірқатар этно-мәдени орталықтардың басшылары мен көркемөнерпаздық ұжымдары қатысып жатыр.

«Тіл - әрбір ұлттың негізі. Оны біріктіретін, әрі қарай дамытатын рухани күш-қуаты, мәдениеті. Сондықтан тілді адам бойына бірінші кезекте ән арқылы, әуен арқылы сіңіру қажет деп білем. Бүгінгі шара - соның айқын дәлелі. Ол Қазақстанда өмір сүретін басқа да халықтар арасында мемлекеттік тіл - қазақ тілін барынша насихаттауға арналған. Бүгін мінеки, мұнда қазақ тілінде ән шырқалып, күй ойналып, билер орындалуда. Осы концерттік бағдарламадан кейін «Тіл-ұлт мәдениетінің қазынасы» атты семинар өтеді», - деді өз сөзінде ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ғалым-хатшысы Ғалия Теміртон.

Бүгінгі іс-шара барысында сонымен қатар, бірқатар этно-мәдени орталықтардың кішігірім концерті ұйымдастырылды.

Сондай-ақ аталған іс-шара аясында музейдің холлында баспалар мен кітап дүкендерінің студенттерге, мектеп оқушыларына, оқытушылар мен ата-аналарға арналған көрме-жәрмеңкесі ашылды. Оған қоса келушілерге «ЕШКО» корреспонденттік оқу-әдістемелік еуропалық мектебі және «GULZAR» лингвистикалық орталығының қызметтері таныстырылды.

Қазір музейде «Тіл - ұлт мәдениетінің қазынасы» атты семинар өтуде. Оған тіл білімі саласының белгілі ғалымдары, мемлекеттік және тәуелсіз талдау құрылымдарының жетекші сарапшылары, қоғамдық ұйымдар мен ұлттық-мәдени орталықтардың, қазақ тілін оқыту орталықтарының кеңесшілері, қала баспаларының қызметкерлері, тіл мамандары, республикамыздың жетекші жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары қатысуда.