Алматыда Тимирязев көшесінде автобус пен джип соқтығысты

АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматының Тимирязев пен Байзақов көшелерінің қиылысында №70 автобус пен жол талғамайтын көлік соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тимирязев көшесінің бойымен Розыбакиев жақтан  келе жатқан едім. Жол талғамайтын көлік алдымнан шыға келді. Автобуста 10-ға жуық жолаушы болатын. Тежегішті басып, барынша ақырын жүрдім. Сағатына 30-35 шақырым жылдамдықпен келе жатқанымда оң жағымдағы жол талғамайтын көлік жүргізушісі кенет бұрылып қалды», - деді автобус жүргізушісі Ақтілек Сұлтанбеков.

Жол талғамайтын көлік жүргізушісі өзінің Тимирязев көшесімен  батыс бағытта жүргендігін айтты.

«Мұнда барлық жерде екі жолақтан сызылған. Кесіп өте алмас едім. ҚазҰУ-ге бара жатыр едім, мына жерде бұрылыс болған соң бұрылдым. Автобус мені соғып кетті»,-деді ол.

Жол көлік оқиғасынан автобус жолаушысы жарақат алды. Соқтығыс кезінде әйел адам жараланған. Ол медициналық қызметтен бас тартты. 

Оқиғаның мән-жайын тәртіп сақшылары анықтауда. Болжам бойынша жол апатына жол талғамайтын көлік иесі кінәлі.

Еске сала кетсек, Тимирязев көшесінде қоғамдық көліктер жолдың қақ ортасымен жүре бастаған. Тиісінше аялдамалар да жол ортасына ауыстырылды.

Сондай-ақ, қалалық ІІД  27  тамыз бен 10 қыркүйек  аралығында автокөлік иелерін  Тимирязев көшесіндегі жаңа қозғалыс ережесімен таныстыруды  қолға алған болатын. (Байзақовадан Байтұрсыновқа дейін) Соған қарамастан жүргізушілерді жазаламауға уәде берген.