Бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында аталмыш шараның ұйымдастырушысы, «Eventica» компаниясының бас директоры Марат Омаров осылай мәлім етті.
Оның айтуынша, балға қатысушылар түгелге жуық келіп те қойған. "Балда өнер көрсететін 40 өнерпаз, сонымен қатар шет елден келген 100-ден аса қонақ кешке дайындалуда. Біздің ең басты тосын сыйлығымыз - мыңдаған тыңдармандардың жүрегін жаулап алған итальяндық тенор Алессандро Сафина да келді, сонымен қатар сыйлы қонақтарымыздың бірі болып табылатын ЮНИСЕФ халықаралық ізгі ниет елшісі, Джеймс Бонд рөлін сомдаған актер Роджер Мур да Алматыда. Ертең таңертең Людмила Артемова мен Оксана Федоровалар келеді. Қалған қонақтардың барлығы осында. Биыл сонымен қатар шетелдік БАҚ-тар қатысуға ұсыныстарын білдірген болатын, олар да келді. Біз олардың қызығушылығын балдың халықаралық деңгейде танымал бола бастағаны деп білеміз",- деді ол.
Оның айтуынша, дайындықтар жоғары деңгейде өтуде. "Өзіміз тіпті асыға күтудеміз. Бәрінің көңіл-күйлері жақсы. Ертең нағыз мерекелі күн болатынына сенімдімін. Айта кететінім, ертеңгі кешті бүкіл Қазақстан тікелей эфир арқылы НТК арнасынан көре алады, 3 рет арнаға қосылатын боламыз", -деді Марат Омаров. Оның айтуынша, ертеңгі балда Франциядан арнайы келген балетмейстер Гедеминас Таранданың дебютанттарға қойған қойылымы үлкен әсер қалдырмақ.
Баспасөз мәслихаты барысында Қазақстанда әлі ешқашан өнер көрсетпеген итальяндық тенор Алессандро Сафина, "кеште 4 ән орындаймын. Әрине кеш барысында әлемге хит болып, тыңдармандардың сүйікті әніне айналған Luna әнімді де орындайтын боламын. Бірнеше күннен бергі дайындықтан керемет ләззат алдым. Бұл бал жалғасын табады деген сенімдемін", - деді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, салтанатты шараға бас-аяғы 1000-нан астам адам қатысады деп күтілуде. Олардың ішінде елімізге танымал іскерлер қауымдастығының өкілдері, саясаткерлер, ғылым мен мәдениет қайраткерлерімен қоса, ресейдің театр, кино жұлдыздары бар.
Балға қатысамын деген кез келген адамға есік ашық. Кіру билетінің құны биыл 50 мыңнан 120 мың теңгеге дейін. Билет сатылымдарынан түскен табыстың бір бөлігі Қазақстандағы ЮНИСЕФ бағдарламалар аясында мүмкіндіктері шектеулі балалар қорына аударылатын болады. Шараның мақсаттарының бірі - қайырымдылық қозғалысын дамыту. Бірінші қайырымдылық бал Алматы қаласында 2009 жылдың 21 қарашасында өтті. Оған 2 мыңнан астам қонақ жиналып, ТМД елдеріндегі ең ірі балға айналды.