Алматыда тоғызқұмалақтан жоғары оқу орындары арасында өткен республикалық спартакиадада павлодарлық студенттердің мерейі үстем болды

АЛМАТЫ. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда тоғызқұмалақтан жоғары оқу орындары арасында 5-ші республикалық спартакиада өз мәресіне жетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Екі жылда бір рет өтетін бұл байрақты бәсекеге биыл еліміздің әр өңіріндегі 19 жоғары орнынан 120 спортшы қатысты. Мамырдың 15-і мен 21-і аралығында болған жарысқа тоғызқұмалақтан ұлттық құраманың бас бапкері Айнұр Жақапбаева бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Биыл дүбірлі додада алғаш рет ерлер мен қыздар арасында командалық есеп жеке-жеке шығарылды. Жалпы спорттың бұл түрінде қыздарға ерлер арасында да бақ сынауға рұқсат беріледі. Мәселен, осы жолы ерлер - 4, қыздар 2 тақтада сайысқа түскен болатын. Ерлер арасында бірінші тақтада Қостанай мемлекеттік университетінен Думан Өтебаев, екінші тақтада Қазақтың Қ. Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінен Мадияр Омаров, үшінші тақтада Павлодар мемлекеттік университетінен Азамат Иманғалиев, ал төртінші тақтада Павлодар мемлекеттік университетінің тағы бір ойыншысы Сәуле Тапалова үздік шықты. Ал қыздар арасындағы 2 тақтада Қазақтың М. Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясынан Әсел Далиева, Павлодар мемлекеттік университетінен Роза Райымбекова бірінші орын алды. «Жарыстың жалпы қорытындысында ерлер арасында бірінші орынды Павлодар мемлекеттік университеті, екінші орынды Қазақтың Қ. Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университеті, үшінші орынды Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің командасы иеленді. Қыздар арасында жеңімпазды анықтау қиынға түсті. Көрсеткіштері бірдей болғандықтан Қазақтың М. Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясы мен Павлодар мемлекеттік университетінің командасына бірінші орын берілді. Сондықтан екінші орын ешкімге берілмей, ал үшінші орын Қазақтың Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне бұйырды», - дейді Айнұр Жақапбаева.