Алматыда Төле би көшесінен Шығыс айналма жолына шығатын жол айрығы салынады

АЛМАТЫ. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматының қала құрылысы Кеңесі Төле би көшесінен Шығыс айналма жолына шығатын жол айрығын салу жөніндегі жобаны мақұлдады.

Жобаны «КазахПромтранспроект» ЖШС ұсынған. Жиында Қала құрылысы кеңесінің мүшелері жобаны Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес келеді деп тауып, бірауыздан мақұлдады. Кеңес мүшелерінің айтуынша, Төле би көшесінен шығыс айналма жолына тікелей шығу қаладағы көлік тасқынын азайтуға, Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға оң ықпал ететін болады және бұл айналма жол толық қуатында жұмыс істеген кезде мұнда бір бағытта тәулігіне 158 мың автомобиль өткізбек.

«Бұл жоба құрылысына қатысты барлық мәселелерді асықпай, терең зерттеген абзал. Экология мәселесі бірінші кезекте, сондықтан барлық жобаны осы мәселе төңірегінде қарайтын боламыз. Аталған жол айрығын салу біздің қаламыз үшін өте маңызды, себебі қала жылдам қарқынмен даму үстінде», - деді қала әкім Ахметжан Есімов.

Жиын барысында жобаны жасаушыларға жол айрығын салар кезде жауынның тоқтау суларын, құрылыс айналасын дер кезінде абаттандыру, жүргінші жолын салу сияқты мәселелерді ескеру керектігі атап көрсетілді.

Қала құрылысы кеңесінің төрағасы Ахметжан Есімов Шығыс айналма жолының құрылысы биылғы желтоқсан айында толық аяқталатындығын айтты.

Жиында қалалық кеңес сонымен қатар, бұдан өзге сауда орындары, паркингі бар екі тұрғын үй құрылысының да жобасын қарады.

«Янтарный квартал» ЖШС Әл- Фараби даңғылының солтүстігі мен Желтоқсан көшесінің батыс жағына салынатын мұнара типтес тұрғын үй жобасын ұсынды. Бұл үлескерлерсіз салынатын бірінші нысан болмақ. Ол «Казкоммерцбанк» АҚ-ымен жасалған Меморандум аясында жүзеге асатын болады. Ал, «Евразия Строй LLP» ЖШС ұсынған екінші жоба бойынша тұрғын кешені Гоголь көшесі мен Масанчи көшесінің батысына салынады.

Екі тұрғын кешені де қазіргі заманғы талаптарға сай болмақ, олар өз инфрақұрылымына әлеуметтік обьектілерді, бала бақшаларды, спорт нысандарын, мектептерді, спорт алаңдарын біріктіретін болады.

Бұлардан өзге қалалық кеңес Достық даңғылының батысы мен Бөгенбай батыр көшесінің оңтүстігіне орналасатын әкімшілік- тұрғын үй кешенінің жобасын да қарады. Бұл жоба бірақ, қайта толықтыруға жіберілді.