Алматыда тонаумен айналысқан Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары қолға түсті

АЛМАТЫ. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда қарақшылық шабуыл жасаумен айналысуды кәсіп қылған Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары қолға түсті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінене сілтеме жасап.

Кеше кешкісін ІІД-нің жедел басқару орталығына қала тұрғынынан қоңырау түскен. Жәбірленушінің айтуынша, тапаншамен қаруланған 2 адам күш көрсету арқылы 600 мың теңге көлеміндегі қаржысы мен құжаттарын тартып алған. Жедел із кесу шаралары барысында тонаушылар қолға түскен. Тексеру кезінде күдіктілерден резеңке оқпен атылатын тапанша мен жәбірленушінің ақшасы табылған.

Күдіктілер Оңтүстік Қазақстан облысының 27 жасар 2 тұрғыны болып шыққан. Алматыда тұрақты тіркелмеген, әрі тұрақты жұмысы жоқ. Оларға қарсы ҚР ҚК-нің 179 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде олардың басқа қылмыстарға қатысы барлығы тексерілуде.