Алматыда төрт жылға созылған су құбырының құрылысы қашан аяқталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматының Жетісу ауданында 100 км жуық су құбыры мен кәріз құрылысы 2023 жылдың қазан айының соңына дейін аяқталады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото:Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шаһар басшысының айтуынша, Жетісу ауданында 2019 жылы басталған сумен қамту және су бұру бойынша екі проблемалық жобаның құрылысы аяқталуға жақын.

Саяхат, Мехкомбинат және 1-ЖЭО ауданында ұзындығы 57,5 км асфальт төсеу және желілер салу жұмыстары бітті. Желілерді пайдалануға беру қазан айына жоспарланған.

«Сейфуллин - Солтүстік айналма – Рысқұлов – Боралдай көшелерінің аумағында ауданның орталық және батыс бөлігін қамтитын сумен қамту мен су бұру құрылысының сапасы тұрғындардың наразылығын тудырды. Мердігер «Электроремонт» ЖШС былтыр жауапсыз қызмет көрсетуші болып танылды. Әкімдік қабылдаған шаралардың арқасында жол төсемін қалпына келтіре отырып, 39 км желінің 31 км-де жұмыстар аяқталды. Қалған 8 шақырымдық жұмыс қазан айының соңына дейін бітеді», - деді қала басшысы.