Қалалық ТЖ басшысы Серік Әубәкіровтің айтуынша, қала тұрғындары бұл хабарландыру қызметінен бас тартқан.
«Біз көп жылдар бойы төтенше жағдай болған жағдайда халыққа SMS хабарландыру жүйесін қолданып келдік. Бірақ, бұл жүйенің тиімсіз екені анықталды. Алматылықтарға SMS хабарламаның келу алгоритмі ұнамады. Себебі, бұл хабарламаны ұялы байланыс операторлары жібереді. Қалада 2 млн адам тұратынын ескерсек, SMS хабарламалар лек-легімен жеткенше ұзақ уақыт кетеді. Кейбір тұрғындар бұндай хабарламаны жер сілкінісінен соң 5-6 сағаттан соң алып жатады. Қазір бізде одан тиімдірек Darmen қосымшасы іске қосылды», - деді Серік Әубәкіров.
Оның айтуынша, Darmen қосымшасында жаңа сейсмикалық датчиктер іске қосылады.
«Егер әр дүмпу толқыны 100 шақырымда 8-10 секундта тарайды десек, 200 шақырым болатын эпицентрді алып тастағанда сіз хабарламаны 18-20 секундта аласыз. 20 секундта адам өзі шешім қабылдап үлгереді», - деді Серік Әубәкіров.