деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Семинарда қазақ орта мектептеріндегі музыкалық білім берудің жаңа жүйесі - «Мұрагер» бағдарламасы таныстырылды.
«Біз бұл бағдарламаны ауызекі дамыған халықтық дәстүрге сүйене отырып жасадық. Ал домбыра аспабы музыкалық өнерді дәстүрлі жүйеде үйретудің басты құралы болып табылады. Бағдарламаны болмысымызды қалайша қайтарамыз деген мақсатпен жасап, 1985 жылдан бері айналысып келеміз. Бағдарламаның бір ерекшелігі, домбыраны нотасыз, яғни ауызша үйрету әдісі арқылы, жекелеп емес, бүкіл сыныпқа немесе үлкен топқа, тіпті 700-ден аса адамға үйретуге болады. Сонымен қатар, біз кітап ретінде емес, қызғылықты тәсілдер арқылы, баланың жасына сәйкес көркем жеткізу принциптерін қолдандық. Бұдан бөлек, біз оқушыларға өлең, жыр шығаруды үйретеміз», деді бағдарламаны жасаушылардың бірі, «Көкіл» қазақ мектеп-колледжінің директоры Абдулхамит Райымбергенов. Оның айтуынша, әрбір домбыра үйренгісі келетін адам бұл бағдарлама арқылы аспапты меңгере отырып, халықтық аңыз-күйлермен танысып, әңгіме-әпсаналармен мол сусындап, дәстүрлі өнердің терең мазмұнына бойлап, ұлттық таным-көзқарасын қалыптастыра алады.
«Мұрагер» бағдарламасының екінші авторы Ұлжан Байбосынованың айтуынша, аталмыш бағдарлама бұл күнде республикамыздың барлық аймағында жалпы білім беретін орта мектептерде сынақтан өтіп оң нәтижелерін берген. «Қазіргі таңда 61 қазақ орта мектептерінде 8000-нан астам оқушы осы бағдарлама бойынша білім алуда», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, жаңа жүйеде жасалған «Мұрагер» бағдарламасы егеменді ел болып қалыптасқан шақта ұлттық кескін-келбетімізді айғақтайтын басты құрал ретінде ел ішіне кеңінен таралып, музыка пәні бойынша негізгі стандартқа енуін қажет етіп отыр.