Алматыда «Туған жер» бағдарламасы аясында балабақша ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Медеу ауданында «Туған жер» бағдарламасы аясында 30 балаға арналған «Хан-Төре» жеке балабақшасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халқына жолдауын жүзеге асыру барысында Алматы қаласында мектепке дейінгі білім беру ошақтарындағы орын тапшылығын азайту мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Осыған байланысты, биыл инвесторлардың есебінен 15 балабақша ашып, кезекте тұрған бала санын 574-ке қысқарту жоспарланып отыр.

«Қазіргі уақытта Медеу ауданында 18 мемлекеттік, 50 жекеменшік  балабақша бар. Онда барлығы 6591 бала тәрбиеленіп жатыр. Соған қарамастан, аталған ауданда 3-6 жас аралығындағы 2 157 балаға орын жетпейді», - деді аудан әкімшілігінен.

Еске сала кетейік, Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Туған жер» бағдарламасының алматылықтар үшін орны ерекше екенін, оның негізгі бастамалары қала тұрғындары үшін маңызды екенін айтқан болатын. Мәселен, былтыр Алматыда жомарт кәсіпкерлердің көмегімен 10 спорт алаңқайы мен 10 балабақша ашылған болатын.

Мемлекеттік жеке меншік әріптестік жобасы аясында 600 орындық заманауи мектеп салынған. Сондай-ақ, Алматыда қайырымдылық шаралары мен меценаттық көмектер жиі жасалып тұрады.