Алматыда тұмауға қарсы егу науқаны басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тұрғындары тұмауға қарсы екпе қабылдай бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл қалада денсаулық сақтау басқармасының шешімімен ресейлік «Гриппол » екпелерін салуға рұқсат етілген. ДДСҰ болжамына сәйкес, 2018-2019 жылғы маусымда әлемде А типті - Мичиган және Сингапур, Б типті - Колорадо штамдары таралады. 

Жылдағы дәстүрге сәйкес Алматыда да 1 қазаннан бастап екпе қабылдау маусымы басталды. 
Жетісу ауданындағы №11 емхана қысқы маусымда күшіне енетін тұмауға қарсы аталған екпенің 2800 дозасын алдырған. Бүгінде аталған учаскеде 110 адам екпе салдырды. 

«Маусым соңына дейін жеткілікті деп 2800 доза екпе алдырдық. Оның ішінде 110-ын халыққа салып үлгердік. Негізі, екпе салу мерзімі тұмау маусымынан ертерек, қазан-қарашада басталады. Желтоқсан айынан бастап иммунитеті әлсіз адамдар тұмауға шалдығуы мүмкін. Әсіресе, балалар, қариялар, адам көп шоғырланған жерде жұмыс жасайтын азаматтар тұмау вирусына әлсіз келеді. Екпе салмас бұрын келушіге ақпарат береміз. Не үшін? Қалай салынады? Қандай нәтиже береді? Осындай сұрақтарға жауап береміз. Пациент міндетті түрде алдын ала терапевт қарауына жіберіледі. Терапевтен рұқсат болған жағдайда ғана екпе салынады. «Гриппол » вакцинасын салған соң тек 8-12 күн өткенде ғана иммунитет пайда болады», - деді аталған емхананың эпидемиолог дәрігері Райхан Оспанова. 
 

Мамандардың айтуынша, аталған екпені 6 айлық баладан бастап 60 жастан асқан қариялар да қабылдай береді. Тіпті жүктіліктің 2-3 триместрінде де салдыруға болады. 

2018 жылы осы учаске бойынша аталған санатқа 2822 адам кірген. Ал былтыр 2360 адам екпе қабылдаған. 
Дәрігерлер екпені тұмаумен ауырған, асқынудың жоғары қаупі бар адамдар алуы тиіс деп санайды. Оның ішінде 60 жастан асқан, мектеп жасына дейінгі балалар, мектеп оқушылары, созылмалы соматикалық ауруы бар науқастар, өткір респираторлық инфекциялармен ауыратын ересектер мен балалар бар. Атап айтқанда, бронх демікпесі, созылмалы бүйрек аурулары, қант диабеті, метаболикалық аурулар, аутоиммундық аурулар, аллергиялық аурулар (тауық ақуызына аллергиядан басқа), созылмалы анемия, туа біткен немесе кейінгі иммундық жетіспеушілік, АҚТҚ жұғу жағдайында да тұмаудан екпе алған жөн. 

Сондай-ақ, екпені өз кәсібіне байланысты тұмаумен ауыру немесе оны басқаларға жұқтыру қаупі жоғары адамдар алуы тиіс.