Алматы қаласы ІІД-нің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полковник Айгүл Шөпшекбаеваның айтуынша, жасөспірімдердің қылмыстық мәселелері Мемлекет басшысының жіті назарында. «Сондықтан, бұл іске біз үлкен жауапкершілікпен қарап, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық істердің азаюына барлық шараларды қолданудамыз. Осы орайда, біз 18 мен 26 сәуір аралығында «Түнгі қаладағы балалар» атты акцияны ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оның мақсаты - балаларды түнгі уақыттарда ойын-сауық мекемелерінде не болмаса басқа орындарда болдырмауды қадағалау және кәмелет жасқа толмаған жастардың арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады», - деді А.Шөпшекбаева.
Оның айтуынша, қойылған міндеттерді іске асыруға ІІД-нің қызметі мен барлық бөлімшелердің жеке құрамдары, білім, денсаулық, ата-аналар комитеті, «Нұр Отан» ХДП-ның жастар қанаты өкілдері, ҮЕҰ-дар тартылатын болады.
Акция барысында ойын-сауық, түнгі клуб мекемелерінің басшылары және қызметкерлерімен кездесулер, сонымен қатар, колледж, техникум, 7-11-ші сынып оқушыларымен және олардың ата-аналарымен, сондай-ақ педагогикалық ұжыммен кездесулер өткізілмек. Онда әр мемлекеттік органның өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар түсіндірмелік дәрістер өткізіп, туындаған сұрақтарға жауап береді.