Байқауға Қазақстан Республикасының жоғары және орта арнаулы (мәдениет және өнер) оқу орындарында "өте жақсыға" оқитын, өз жетістіктерін баяндамаларымен, жарияланымдарымен, іс-шараларда сөйлеген сөздерімен, сыйлықтарымен растаған, қоғамдық, ғылыми-зерттеу, мәдени-кәсіптік және тәжірибелік қызметтерде белсенділік танытқан студенттер қатысты. Жеңімпаздарды анықтау осыдан үш ай бұрын басталды.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директоры Бектас Мұхамеджановтың айтуынша, биыл байқауға Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Орал, Павлодар, Петропавл, Семей қалаларынан 180-нен астам өтініш келіп түскен. «Биыл өтініштер көлемі өткен жылға қарағанда екі есе көп болды, санымен қатар сапасы мен мазмұны да жақсарды. Бұл біз үшін қуантарлық жағдай. Биыл байқауға Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының және Селезнев атындағы хореографиялық училищесінің студенттері белсенді атсалысты. Біз алдағы уақытта, еліміздің басқа оқу орындарынан да қатысушылар көп болса деп тілейміз»,-деп атап өтті Б. Мұхамеджанов марапаттау рәсімінде.
Студенттердің білім, ғылым және шығармашылық қызметтерін ынталандыру сыйлығы ретінде жарияланған байқау осымен екінші рет өткізіліп отыр.
Сонымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының студенттік шәкіртақысына 30 студент ие болды. Талаптарға сай келген, оқуда озат, қоғамдық өмірге белсене қатысып, халықаралық додаларда топ жарған бұл жастар енді бір жыл оқу мерзімінде 10 мың теңге көлемінде шәкіртақы алып тұратын болады.