Қазақ тағамтану академиясы мен АCIERTO компаниясының ұйымдастыруымен өткен фестивальға 10-нан аса компания мен фирмалар қатысты. Әр келушіге көрме бойынша арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Тұтынушылар сұйық түрдегі дәрумендерге дегустация жасауға мүмкіндік алды. Әр қатысушы өз тауарларын ұсынып, әр түрлі аталымдар бойынша сапа- байқауына қатысты. Сараптама комиссиясы ең үздік деп танылған "Никомед", "Фарко" "Фитолеум" және "Арт-лайф" компанияларын арнайы дипломдармен марапаттады. Ал көпшілік дәрігерлердің көңілінен шыққан "Вита Фарм " және "Омега-3 Кардио" компаниялары "Дәрігерлер көзайымы" жүлдесінің иегерлері атанды.
Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Игорь Цойдың айтуынша, мұндай шара тұтынушыларға және бүгін арнайы келген дәрігерлерге тікелей тауар өндірушілермен әңгімелесуге және препараттары туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. "Алдағы уақытта бұл шараны дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгін өкінішке орай, елімізде жұмыс істейтін 200 компанияның 10-ы ғана қатысты. Болашақта қатысушылар саны артады деген сенімдемін. Бұл шара ең алдымен халықтың дәрумендер туралы ақпараттандыру үшін ұйымдастырылып отыр. Ақпараттың аздығынан көпшілігі дәруменді күнделікті тамақ рационына енгізіп, ішу керек екендігін біле бермейді. Дәрумендер көптеген аурурлардың алдын алуда пайдасы зор", деді ол.
Фестиваль барысында келушілер әр түрлі байқаулар мен лотерея ойындарына қатысып, өндірушілердің кішігірім сыйлықтарына ие болды. Сондай-ақ балаларға салауатты өмір салтын насихаттайтын фильмдер көрсетілді.