Алматыда тұңғыш рет қазақ блогшыларының әлемге танымал баркэмп форматындағы бейресми жиыны өтеді

АЛМАТЫ. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Наурыздың 19-20-сы күндері Алматыда «Мінбер», «Медианет», «AsClub», «MediaLab» журналистік орталықтарының ұйымдастыруымен Алматыда тұңғыш рет қазақ блогшыларының әлемге танымал баркэмп форматындағы бейресми жиыны өтпек.

«Блог құрылтай» немесе блогшылардың бейресми жиынының негізгі мақсаты - қазақтілді жаңа медианың дамуына ықпал жасап, оның сапасын арттыру. Оған Қазақстаннан 150-ден астам блогшы қатысуға ниет білдірген. Сонымен қатар шетелде (Қытай, Моңғолия, Франция) тұрып жатқан қазақ диаспорасының өкілдері де келмек. Жаңа медиаға қызығушы топ екі күн бойы өздерінің жобаларымен бөлісіп, жасаған бағдарламаларын ұсынады, серіктестер тауып, қарым-қатынас жасамақ.

Қазіргі таңда шамамен 300-ге тарта белсенді қазақтілді блог бар екен. Олардың басым бөлігі әлемдегі ең танымал блог-платформасының бірі wordpress.com-да шоғырланған. Қазіргі кезде блогшыларға өздерін толғандырған мәселелерді оффлайн режимде ашық талқылауға мүмкіндік беретін пікірталас алаңы жетпей жүрген көрінеді. Дәл осы мақсатта аты аталған ұйымдар блогшылардың басын біріктіруді жөн деп санаған.

Жиын тұсаукесер, шеберлік сыныптар, талқылау, бейресми отырыстар, кездесулер түрінде өтеді. Онда негізінен жаңа медиа, әлеуметтік желілер, блогтың дамуы сияқты қазнеттегі өзекті мәселелер талқыланбақ.

Блогкэмп аясында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған блогтар байқауы және үздік жобаларға қаржылай қолдау көрсету бағдарламасының нәтижесі белгілі болады. Байқаудың мақсаты - қазақ блогосферасының дамуына жағдай жасау, блогшыларды ынталандыру әрі жаңа жобалардың пайда болуына жәрдемдесу.

"Қазнетте шешілмеген проблемалар көп екенін бәріміз білеміз. Бұл жиынның ерекшелігі - қатысушылар мәселелерді абстрактылы түрде көтеріп қана қоймай, оның шешу жолдарын ұсынады",- дейді «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының өкілі Асхат Еркімбай.

Жиынға танымал ІТ-компаниялар, түрлі ұйымдар демеушілік танытып отыр. Атап айтқанда, серіктес ұйымдастырушы - ҚМЭБИ, бас демеуші - Kcell компаниясы, техникалық демеуші «Қазақтелеком» АҚ. Сонымен қатар жиынды қолдаушылардың арасында Nokia, HP сынды ірі компаниялар бар.