Алматыда тұңғыш рет қыз-келіншектер арасында Құранды жатқа оқудан сайыс өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 5 мамыр күні республика бойынша тұңғыш рет қыз-келіншектер арасында қасиетті Құранды жатқа оқудан сайыс өтеді. «Нұр-Мүбарак» университетінде өтетін бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ден аса үміткер қатыспақ.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, үміткерлердің ең жасы - 7 жаста болса, ең үлкені - 54 жаста.

Сайыс екі күнге созылады және қасиетті Құранның 1, 2, 3, 5, 10 паралары бойынша өтеді.

«UMMET» қоғамдық қорының қолдауымен жүлде қоры - 3,5 млн теңге.

Айта кетелік, бұл игі шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ұйымдастырылып отыр.