Алдар көсе, Тазша бала, Ер төстік сияқты қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлерінен және танымал әнші Қарақаттың бейнелерінен тұратын ойыншықтар мен қуыршақтардың өзге ойыншықтарға қарағандағы ерекшелігі - олардың барлығы қазақ тілінде сөйлеп, ән айта алады және билейді. Бұл туралы сүйінші хабар бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Тұңғыш рет ұлттық интерактивті ойыншықтарды шығаруды қолға алған жоба авторы, «Бал бала» компаниясының Басқарма төрағасы, танымал продюсер әрі әнші Қыдырәлі Болмановтың айтуынша сатылымға ойыншықтардың 17 түрі шыққан, оның 11-і жұмсақ ойыншықтар, 4-і авторлық қуыршақтар және еліміз үшін мәртебелі шара - «Азиада -2011» ойындарына арналған ойыншықтардың 2 түрі бар. «Бұл ойыншықтарды шығарудағы негізгі мақсатымыз - интерактивті ойыншықтар арқылы балаларды мемлекеттік тілге және ұлттық мәдениетке жақындату, жасөскін бойына патриоттық сезімді ұялату арқылы тәрбиелеу болып табылады. Компанияның жұмысы қазақ халқының тарихи мұралары мен халықтың мәдени дәстүрлерін жалғастыруға бағытталған», -деді ол.
Оның айтуынша, барлық ойыншықтар сараптау мен арнайы тексерулерден өткізілген. «Ойыншықтардың бағасы шамамен 6000 теңгеден жоғары болады. Оған үлкен қаражаттар салынғандықтан бағасы әзірге осындай. Ойыншықтар қарабазарда, не кішігірім дүкендерде сатылмайтын болады. Бұл ойыншықтардың сапасын «брендті» ойыншықтардан кем емес деп айта аламын. Оған бір емес, бірнеше жерден өткен сараптамалар дәлел бола алады. Мен үшін ең бастысы «қауіпсіз ойыншық», сондықтан бұған аса мән беремін»,-деп атап өтті Қыдырәлі Болманов.
Оның айтуынша, Азия ойындарына арнап жасалған ойыншықтарға эксклюзивті құқық алынған. «Азиада тұмары бейнесіндегі аланның бірі «Адай» күйін шертіп, ән айтып, Азиада қонақтарын қарсы алса, екіншісі еліміздің әнұранын айтады. Олардың барлығы ойындар кезінде ұйымдастырылатын сауда нүктелерінде сатылатын болады. Біз алдағы уақытта өнімдер санын көбейтумен қатар, шетелге шығару жолдарын қарастырып, келісімдер жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, тағы бір жаңалығымыз қуыршақтарға арнайы аксессуарлар тігіліп, Қарақат қуыршақтарының түрлерін көбейтетін боламыз. Жыл соңына дейін 500 мың ойыншықты шығарамыз, ал одан кейін жылына 1 миллион ойыншық шығаруды жоспарлап отырмыз», деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, аталмыш компания биылғы жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Жоба авторы - Қыдырәлі Болманов.