Алматыда тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығын жаңарту жоспарын жасау жөніндегі қоғамдық комиссия құрылды

None
АЛМАТЫ. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда қала әкімінің төрағалық етуімен тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңарту жоспарын жасау жөніндегі қоғамдық комиссияның бірінші ұйымдастыру мәжілісі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Біз ортақ іс үшін ынтымақтасамыз. Егер ұсыныстар түсіп жатса, бұл жалпы қоғамның игілігіне жаратылады. Біз барлық ұсыныстарды қабылдаймыз және барша қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық жасаймыз", дейді қала әкімі Ахметжан Есімов. Әкімнің айтуынша, тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық саласы кез-келген қалада үлкен және күрделі жүйе. Онда әрдайым әрқилы сауалдар туындап отырады.

Бұл отырыста тұрғын үй, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармаларына тапсырма жүктелді. Олар Монополияға қарсы комитетпен бірлесіп тамыздың 1-іне дейін Алматы қаласының тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңартудың жоспарын жасауы тиіс. Одан кейін мамандандырылған институттар жоспар жобасына өз бағасын берген соң құжат жалпы талқылауға ұсынылмақ.