Алматыда тұрғын үйлердегі бейнебақылау камераларының қатқыл дискілерін ұрлаған азамат ұсталды (ФОТО)

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі бейнебақылау камераларының қатқыл дискісін ұрлаумен айналысқан азаматты қолға түсірді.

Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Оңай олжаға құныққан ұрыны Жетісу аудандық ІІБ шұғыл әрекет ету тобының қызметкерлері ұстады. Қаскүнемнің айтуынша, қатқыл дискілердің материалдық құндылығы камералардан жоғары екен.

«Қазіргі таңда «Б» есімді азаматтың бейнебақылау жүйесінің құрамдас бөліктерін ұрлау бойынша 30 дерекке қатысы бар екендігі анықталып отыр. Ол барлық оқиға бойынша мойындады.

Сондай-ақ, оның ұрлаған заттарды қайда сатып жүргені де анықталды. Әрбір қатқыл дискіні ол 4 мың теңгеге бағалаған.

Енді ұрланған дискілерді сатып алған азаматтар да қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Олардың әрекетіне құқықтық тұрғыда баға беріледі. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бір айта кететін жайт, «Б» есімді азамат жасырынбай батыл түрде әрекет жасаған. Керісінше, қаланың басқа да аудандарында қылмыстық әрекетін жалғастыра бастаған. Енді оның басқа да қылмыстарға қатысы бары-жоғы анықталатын болады», - деді Жетісу ІІБ бастығының орынбасары, полиция майоры Дәулет Сембетов.

Айта кетелік, осы аралықта бейнебақылау жүйесін орнатумен айналысатын компаниялардан құрамдас бөліктердің жоғалуы жайында арыздар келіп түсті.